«Қазақ поэзиясының сұңқарына құрмет»
Арқа өңірі – ерлік пен елдіктің, білім мен парасаттың, өнер мен өркениеттің алтын бесігі. Сол қасиетті топырақтың перзенті, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының 80 жас мерейтойына арналған салтанатты кеш аясында Арқалық қалалық Мәдениет сарайында «Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ тарапынан ақын құрметіне «Қазақ поэзиясының сұңқары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, сондай-ақ қаламыздың 70 жылдығына арналған «Арқа төсінде гүлденген – Арқалық» атты танымдық көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығын, азаматтық болмысын, тарихи тақырыптарға қалам тербеген еңбектерін танытатын құнды туындылар орын алды. Солардың бірі – Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан 2017 жылы жарық көрген «Кейкі батыр» кітабы. Аталған еңбекте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен, мергендігі мен ерлігі халық жадында аңызға айналған хас батыр Кейкі Көкембайұлының өмір жолы мен күрескерлік тағдыры жан-жақты баяндалған.
Сонымен қатар, көрермендер назарына Серік Тұрғынбекұлының өз кітап қорынан кітапханамызға тарту еткен 1800-ден астам кітаптың ішіндегі ерекше құнды дүниелердің бірі – ақынның жеке күнделігі ұсынылды. Бұл – қаламгердің шығармашылық әлемі мен өмірлік ұстанымдарын тереңірек тануға мүмкіндік беретін рухани мұра.
Мерейтой аясында кітапханамыздың библиографы Сымбат Мұратқызы дайындаған ақынның 80 жасына арналған «Қазақ поэзиясының сұңқары» атты библиографиялық көрсеткіш те оқырман қауымға таныстырылды. Көрсеткішке Серік Тұрғынбекұлының әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, өлең-жырлары мен шығармашылығы туралы құнды материалдар енгізілген. Сонымен қатар, ақынның замандастары, қаламдас құрдастары мен әдебиет майталмандарының Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығы мен азаматтық болмысына қатысты айтқан тағылымды ой-пікірлері мен жүрекжарды лебіздері де жинақталған. Бұл көрсеткіш ақынның әдеби мұрасын жүйелеп қана қоймай, оның қазақ руханиятындағы орны мен тұлғалық келбетін жан-жақты танытатын құнды библиографиялық еңбек болып табылады.
Сондай-ақ көрмеде ақын шығармашылығына арналған мерзімді басылымдардағы мақалалар мен таңдаулы өлеңдері қойылып, көрермен қауымның зор қызығушылығын тудырды.
Кештің қорытындысы ерекше әсерлі сәтпен түйінделді. Серік Тұрғынбекұлының сөзіне жазылған, сазгер Болат Хамзиннің «Торғай қызы» әні орындалып, туған жерге деген сағыныш пен перзенттік махаббатты дәріптеген әсем туынды кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Бүгінгі мерейтой – бір ғана тұлғаның мерекесі емес, бұл – туған жердің рухына, қазақ әдебиетіне, ұлттық өнер мен мәдениетке көрсетілген зор құрметтің көрінісі.
Арқалық қаласының орталықтандырылған кітпхана
жүйесінің абонемент бөлімінің
кітапханашысы Сымбат Сабыржанқызы






